Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты ахуал тұрақталып келеді. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.
Вирустың репродуктивті индексі төмендеп, 0,98-ді құрады. Ауруханадағы орындардың жүктемесі – 42%, реанимациялық орындар 28% деңгейінде толы.
«Қызыл» аймақта 9 өңір қалып отыр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Жамбыл облыстары.
Денсаулық сақтау министрі бүгінде індетке қарсы вакциналау қарқыны арта түскенін айтты. Препарат кестеге сай жеткізіліп жатыр. Осы күні аймақтарға вакцинаның 2,3 млн-нан астам үлесі жіберілді. Бірінші компонентті шамамен 1,5 млн қазақстандық алса, екінші компонентті 350 мың адам алып үлгерді. Бұл – вакциналауға жататын халықтың 15%.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мәселен, 1 сәуірмен салыстырғанда вакцинаның бірінші және екінші компонентін салдырған адамдардың саны тәулігіне 12 есеге, яғни тәулігіне 11 мыңнан 135 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте 11 мың медицина қызметкері, мыңнан астам стационарлық егу пункті және 400 жылжымалы пункт жұмылдырылды. Вакциналау пункттері 2 ауысымда сағат 00:00-ге дейін және демалыс күндері жұмыс істейді. Вакциналау науқаны басталғаннан бері Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинаның шамамен 1,8 млн дозасы пайдаланылды.
Сала басшысы атап өткендей, вакцинаның екі компонентін де салдырған адамдар ауруханаға жатқызылған кезде де, демалыстан келген кезде де ПТР-тест тапсырудан толық босатылады. Осы ретте Алексей Цой ауыл тұрғындарын вакцинациялауға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта жылжымалы медициналық кешендер пайдаланылатын болады.
Авторы: Ақзер Сегізбай