Қазақстанда соғыста қаза тапқан батырлар туралы 56 томдық зерттеу кітабы үлкен
тиражбен қайта басылып шықты. Майдангерлер туралы ақпаратты жинау үшін 30 жылға
жуық уақыт кеткен. Кітапқа сұрапыл соғысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты бірегей
жеке мәліметтер енді. Бұл майдан даласынан оралмаған туыстары туралы жедел
ақпарат табуға мүмкіндік береді. Авторлардың айтуынша, мәлімет жинау барысында 13
мыңнан аса қазақстандық жауынгерлер туралы тың ақпараттар табылған.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ардагерлер ұйымы» АҚБ Орталық кеңесінің төрағасы:
- «Осы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында бізге Мәдениет және ақпарат министрлігі көмектесті. Кітап үлкен тиражбен басылып шықты. Біз оларды барлық кітапханаларға таратамыз. Нәтижесінде бүкіл Қазақстан, бірінші кезекте жастар осыған дейін ТМД, Ресей немесе басқа да мемлекеттер аумағында болмаған тың ақпараттарға қол жеткізе алады».
Авторы: Динара Бахытбек

