Ғылыми экспедиция – Сирия елінде. Ел астанасы – Дамаск қаласында екінші ұстаз әл-Фарабиден қалған қандай мұралар бар? Ғұламаның кесене-кешені несімен ерекше? Тарихи-мәдени орталықтың салынуына кімдер ұйытқы болды? Ұлы даланың ұлы тұлғасын сириялықтардың ерекше құрметтейтіні неден байқалады?
Сирия, Араб Республикасы. Қазақстан үшін алыс, бірақ жақын мемлекет. Географиялық жағынан қашықта болғанымен, тарихи көші таяу етті. Бұған Шам еліндегі шайқастың тоқтауы үшін – қолдан келген қолдауымызды көрсетуіміз ғана көрсеткіш емес. Өзара байланыс өте ертеден тамыр тартады. Екінші ұстаз атанған – ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің және осы аймақтың даму жолында дамылсыз еңбек еткен сұлтан Бейбарыстың Дамаскте мәңгілік дамыл табуы – соның айқын дәлелі.
«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Сирия астанасындағы сапарын Әбу Насыр әл-Фарабидің кесене-кешенінен бастады. Ол «Баб ас-Сағир», яки «Кіші қақпа» аталатын көне зираттың аумағында орналасқан.