Жылыту маусымына дайындық аясында Қазақстанның электр стансаларында биыл 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Жалпы елімізде қауырт маусымға қамдану барысында 21 мың шақырымға жуық электр желісі, 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды жаңарту көзделуде. Реконструкциялау жұмыстарымен жылу желілерінің 541 шақырым қамтылады.
Ел Үкіметінде инфрақұрылымның жылыту маусымына дайындығы пысықталды. Премьер-Министр Олжас Бектенов осыған қатысты Энергетика, Өнеркәсіп және Құрылыс министрліктеріне нақты тапсырмалар берді. Оларға жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту жүктелді. Қыркүйектің ортасына дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, қалғандарына 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Алмасадам Сәтқалиев. ҚР Энергетика министрі:
- Алдағы 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне ойдағыдай дайындалу үшін жөндеу жұмыстарын қажетті көлемде және келісілген мерзімдерде орындау, жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар бойынша қысқартуға жол бермеу, энергетика көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау қажет. Құрметті Олжас Абайұлы, Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылыту маусымына дайындық барысын бақылауды жалғастырады.