Қазақстан Конституциясына түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдум ашық әрі бұзушылықтарсыз өтті. Елордада өткен арнайы брифингте бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин мәлімдеді. Оның айтуынша, дауыс беру барысы сайлау заңнамасына және халықаралық деңгейдегі міндеттемелерге сай жүзеге асырылды. Еске салайық, ұйым атынан 17 байқаушы тіркелген.
Чжан Мин, ШЫҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша өткен референдум жергілікті және халықаралық талаптарға сай өтті. Біздің ұйымның миссиясы заңнама нормаларын бұзатын әрекеттерді тіркеген жоқ. Саяси науқан ашық болды. Демократия ережелері сақталды. Біз Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Орталық референдум комиссиясына бұл шараны жоғары деңгейде өткізгеніне алғысымызды білдіреміз.
Референдумда елеулі бұзушылықтар тіркелмегенін және сайлау учаскелерінде жағдайдың тұрақты болғанын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өкілдері де атап өтті. Айтуларынша, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші еңсерілді, демек референдум жүзеге асты. Оның барысы 272 шетелдік бақылаушы - 25 мемлекет пен 11 халықаралық ұйым өкілдері назарында болды.
Аркадий Кошеев, Аөсшк хатшылығының аға маманы:
– Жалпы, референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бастысы, ақпараттық дайындықты атап өткім келеді. Мәлімет барлық байланыс арналары арқылы қолжетімді болды. Бұған теледидар, интернет және баспа құралдары жатады. Арнайы сайттар да жақсы ұйымдастырылған.