Түркістан облысының бағбандары лимон өсіруді қолға алды. Тропикалық жемістердің жалпы көлемі 8 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Бірақ цитрус жемістерін күтіп-баптау оңай емес. «Дегенмен фермерлер тәжірибе жасаудан қорықпайды, керісінше экзотикаға қызығушылық артып келеді», – дейді агроном Айдар Айысов. Бағбан алдағы 3 жылдан кейін 5 тонна лимон өнімін жинаймыз деп жоспарлап отыр.
Айдар Айысов, агроном:
- Бір түбінің өзі 100-200 келіге дейін өнім береді. Дәрісін, суын беріп тұрса жақсы өседі. Өнімнің көбі Өзбекстаннан келеді, шеттен келгендіктен бағасы да қымбат. Сол себепті сырттан емес, өзімізден шықса деп ойлаймыз, сәйкесінше бағасы да арзан болар еді. Көшеттерін өзіміз шығарамыз. Көп адам алып, егеміз деп жатыр, оларға жәрдем береміз.
Мамандар тәжірибе жинау үшін Өзбекстанға баратынын айтады. Көрші мемлекет лимон көшеттерімен ғана емес, оларды өсіруге қатысты өз кеңестерімен де бөлісуде.
Әлайдар Әмірханов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Шаруа қожалықтары, лимон шаруашылығы және басқа да өнім өндіру түріне баулу бойынша Өзбекстан мемлекетімен тәжірибе алмасудамыз. Қаңтар айының басында бір топ шаруа көрші елге барып, лимон шаруашылығымен танысып, оны өсіру, баптау, көлемін ұлғайту жолдары сынды жұмыстар жүргізді.
Қазір Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы лимон өсіретін шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету және жеңілдетілген субсидия төлеу мәселелерін қарастыруда.