Ол 1962 жылға дейін, Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталды, кейін Шымкент облысы болып өзгерді де, 1992 жылы өзінің бұрынғы атын қайтарып алды, ал 2018 жылдан бастап, Түркістан облысына айналды. Бұл облыс Тұран ойпатының шығысы мен Батыс Тянь-Шань тауының Қаратау, Боралдай, Қоржынтау сияқты сілемдерінің арасында орналасқан. Оның аумағы оңтүстігінде Қызылқұммен, солтүстігінде Бетпақдала шөлімен және Мойынқұммен шектеседі. Орталық Азиядағы ең ірі өзен – Сырдария осы облыстың жерімен ағып өтеді. Сырдарияның бойындағы өңірде сонау қола дәуірінен бастап, қазіргі кезеңге дейін, ең елеулі тарихи оқиғалар орын алып келеді. Бұл маңда әртүрлі өркениеттер пайда болып, қайта жойылып кетті, небір шаһарлар бой көтерді, қырғын соғыстар орын алды, өте бай, әрі жан-жақты мәдениет қалыптасты. Сол себепті ізденімпаз саяхатшы болса, тарихи тереңде жатқан бұл аймақтан өте қызық та танымдық дүниелер таба алады. Сондай-ақ, Түркістан облысы табиғи байлықтан да кенде емес. Әсіресе, географиялық аймақтардың тоғысқан жерінде, кең алқаптар мен Памир және Тянь-Шань тектес таулардың арасында жатқан аумақ - биологиялық алуантүрлілігімен ерекшеленеді! Оңтүстіктің туристік жауһарларын бір сапардың аясында түгел көріп үлгері мүмкін емес. Сол себепті олардың ең болмағанда кейбіреуін, асығыс шолып шығу үшін, шапшаңырақ қимылдауымыз керек!