Түркістан облысында ірі тау шаңғысы кешенінің құрылысы басталды. Оны аймақтағы Қасқасу шатқалында тұрғызбақ. Мұнда тау шаңғысы курортына қолайлы сегіз қарлы беткейлер орналасқан. Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, теңіз деңгейінен 1 880-нен 3 155 метрге дейінгі биіктікте шаңғы трассалары мен арқанды жолдарының құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ қонақүйлер, мейрамханалар, аквапарк, Альпі ауылдары, ойын, спорт және жаттығу орталықтары орналасатын болады.
Айта кетейік, «Қасқасу» Қазақстандағы ең ірі курорттық базаға айналмақ.
Омар Жанқалов, Төлеби аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Жол бойында жоғары вольтті желілер тартылады. Олар Леңгір қаласынан басталып, ұзындығы туристік базаға дейін 40 шақырым қашықтықты құрайды. Сонымен қатар кіретін жолдарға дайындық жұмыстары жүргізілді.