Қазақстандықтар ел Тәуелсіздігін алғаннан бергі алғашқы отандық ғарышкерді қарсы алды. «Союз-ТМ-19» ғарыш кемесінің бортинженері Талғат Мұсабаевты күтіп алуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де келді.
Сол кезеңдегі оқиғалар хроникасы журналист, әрі фотограф Геннадий Кононовтың жұмыстарында егжей-тегжейлі сақталған. 27 маусымда түсірілген мына суретте Талғат Мұсабаев өзін «Чкалов» әскери аэродромына апаратын автобусқа мініп жатыр. Зымыранның ұшуына төрт күн бар.
1994 жылдың 1 шілдесі, сағат күндізгі 3, экипаж старт кешенінде тұр. Гагариннің «Востогы» да ғарышқа дәл осы жерден аттанып еді. Залға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келе жатыр. Ол жер маңайындағы орбитаға ұшқалы тұрған командаға сәтті сапар тілеуге келіпті.