1920 жылдардың ортасы. Жетісу. Мына суретте қазақ әйелдері киіз басып жатыр.
Бұл – бірнеше кезеңнен тұратын, бейнеті көп шаруа, сол себепті оған бірден алты әйел кіріскен. Фотограф Александр Ионов дала шеберлерінің оюлы текеметті шиге орап, домалатып жатқан сәтін түсіріп алған.
Ауық-ауық орамды ашып, киізді ширату үшін су немесе іркіт құяды, бетіндегі оюларды жөндейді, шетінің қисық жерлерін қиып тастайды. Әйелдердің түрі шаршағаны көрініп тұр, оралған киізді домалатып, басуға 3-4 сағат керек, ол біткенге дейін, алақандары мен шынтақтарының терісі күлдіреп, ойылып қалады.
Мына үш әйел де шағындау бір киізді басып жатыр. Тек бұл Ионовтың суретінен жарты ғасыр бұрын, генерал-губернатор фон Кауфманның тапсырысымен шығарылған «Түркістан альбомына» арнап, шығыстанушылар Александр Кун мен Николай Богаевский түсірген кадр. Көшпенділер өмірінен сыр шертетін, 1870 жылдан қалған аса бағалы этнографиялық материалдар бүгінде АҚШ Конгрессінің кітапханасында сақтаулы тұр.