Сыр өңірінде ежелгі дәстүрден турнир өтті

Сыр өңірінде ежелгі дәстүрден турнир өтті

Саятшылық – көнеден келе жатқан аңшылық дәстүрлердің төресі. Бүгінде оны жоғалтпай сақтаушы құсбегілер кемде-кем. Республикалық турнир Сыр өңірінде алғаш рет өтті. Ел чемпионатында дәстүр білгірлері мен өнерпаз жастар бас қосты. Біреулер үшін бұл турнир өз өнерін паш етуге, енді біреулер үшін істің қыр-сырын үйренуге зор мүмкіндік. «Жыртқыш құсты баптау – нағыз өнер, оның құпиясы жетерлік. Ең бастысы шыдамдылық пен табандылық танытқан жөн. Бұл қасиеттерсіз табысқа жету мүмкін емес», – дейді елордалық құсбегі Серікбек Күнтуған.

Серікбек Күнтуған, құсбегі:

- Құстың тамағын тауып берудің өзі оңай емес. Бүркіт күніне 1-2 келі ет жейді. Шамамен бір қоянның салмағы сондай болып келеді. Ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп, төл өнер болғаннан кейін, іргеде құс болмаса байыз тауып отыра алмайтын адамбыз.

Ғалымжан Өміртай, құсбегі /Қызылорда облысы/:

- Бүркітшілердің айтуынша, құсбегінің мінезі асырап отырған бүркітіне ұқсас болады. Қазақстанда 432 құс бар, солардың патшасы болған бүркітті қолға қондырғаннан кейін мәпелеп ұстау керек.

Турнир екі кезеңнен тұрды. Дүбірлі доданың басында қыранды қолға қондыру керек. Одан әрі қояндар мен түлкілерді аулау басталды. Ел біріншілігіне 12 өңірден бас-аяғы 90 саятшы қатысты.

Тәттімбет Кәпұлы, құсбегі:

- Жастардың қаршыға, сұңқар ұстап біздің артымыздан ілесіп жүргенінің өзіне қуанамыз. Өйткені біз – қотыр тайын жаталап, тобылғы сапты қамшысын қолына алып, екі қанат бір құйрықты құсын қолына қондырған қазақпыз. Бабалар тектілігін әрі қарай жалғауымыз керек.

Турнир ұйымдастырушылары мен құсбегілердің пікірінше, ұлттық дәстүр Қазақстанның бренд белгісіне айналуы мүмкін.