Коронавирус қайта өршіп барады. Соңғы аптада Қазақстанда қатерлі індет жұқтыру көрсеткіші 4% артқаны байқалады. Осы кезеңде елордада COVID-19-дың таралу деректері 40% өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Салалық ведомство басшысының айтуынша, соңғы зерттеулерге сай қауіпті вирус мутацияға ұшырауда. Оның таралу жылдамдығы өте жоғары және салдары анағұрлым ауыр. Мамандар дертке шалдыққан елордалық науқасты тексеру барысында індеттің «дельта» штаммына тән мутацияның ықтималдығын анықтаған.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- «Дельта» штаммы осыған дейін анықталған өзге штаммдарға қарағанда 60% жылдам тарап, тез жұғады және инкубациялық кезеңі қысқа, 7 күнге дейін созылады. Жуырда жүргізілген зерттеулер «дельта» штаммнан өлім-жітім көп болатынын көрсетіп отыр. Індетке шалдыққандарда жаңа симптомдар байқалуда: буындар мен іштің ауыруы, тіпті есту қабілетінен айырылу қаупі бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сай «дельта» штаммы әлемнің 74 елінде тіркелген.
Үкімет басшысы Асқар Мамин қазіргі таңда жалпы Қазақстандағы жағдай қалыпты болғанымен, көрші мемлекеттердегі ахуал күрделі күйінде қалып отырғанын айтты. Сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту және санитарлық және эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуына баса назар аударуды тапсырды. Мамандар ел халқын иммундау науқанынан шет қалмауға шақырады. Бұған қоса, әлеуметтік қашықтықты ескеріп, маска киюді ұмытпаудың маңызын тағы бір ескертеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов