Роза Мұқанова – жазушы, драматург. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың иегері. Көпшілікке «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Шатыр астындағы Мен» секілді бірқатар туындыларымен жақсы таныс.
Қазіргі таңда Роза Мұқанова – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры. Ұстаздықпен бірге шығармашылықты қатар алып жүрген талант иесі. Автор өз әңгімелерінде адам тағдырын, оның ішінде көбіне көп қазақ әйелінің жан сұлулығын суреттейді.
Алайда жазушының 9 жыл бойы арбаумен келе жатқан арман тақырыбы бар екен. Мақсаты - сол тақырыпты соңына дейін жеткізу. Сұхбат барысында оның жарыққа шығатын уақыты келеді деп уәде берді. Өйткені шығарманың 50 пайызы дайын екен. Жанры – драматургия. Ал тақырыбы әзірге құпия.
«Мен драматургияға бірінші прозамен келдім. Әңгіме жаздым, хикаяттар жаздым. Алғашында мен драматург боламын деп ойлаған жоқпын. Мені драматургияға режиссерлер алып келді», - деп, кейіпкеріміз драматургиядағы алғашқы қадамдарын баяндап берді.