Кейбір суретшілер бір ғана бояумен көңіл-күйін жеткізеді. Ал кейбір экспрессивті суретшінің жұмыстары ақынның өлең шумақтары сияқты болып шығады. Сол шумақтардан суретшінің ішкі ойы, сезімі білініп тұрады. Ендеше, сондай қылқалам шеберлерінің бірі – Рашид Құлбатыров.
Оның картинасына көз салған адам бір орнында қаққан қазықтай ұзақ тұрады. Туындыларындағы ашың реңктер адамның өмір сүруге деген құлшынысын оятады, жанын жадыратады.
Бүгінде суретші ескі Алматының тарихи ғимараттары туралы топтамалар жасап жүр. Өйткені ол қаланың пейзаждарын, көрінісін тамаша етіп көрсететін мықты маман деуге болады. Тарихи қаланың ескі ғимараттарын сол қалпында кенеп бетіне түсіргенді жаны сүйеді. Осының астарынан суретшінің өткенге деген сағынышын байқайсың...