Барыстар өткен ғасырдың ортасында Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс сілемінде жиі кездесетін. Одан кейін біраз уақытқа жоғалып кетті. Енді міне, арада елу жыл өткеннен кейін осы бір сұлу аң Алтынемел ұлттық паркінің аумағына қайтып оралыпты. Бір топ зоолог сол барыстарды іздеп жолға шықты әрі осы сапар барысында ұлттық парк аумағындағы аң-құстардың есебін алу мақсатымен жүргізілетін мемлекеттік санаққа қатыспақшы.
Ғалымдардың сараптауы бойынша, қазіргі таңда Қазақстан жеріндегі барыстардың саны 120 басқа жеткен. Олар бір-бірінен оқшау жатқан үш топқа бөлінеді. Алтай-Саян тобына жататын жыртқыштар Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің шекарасы тоғысатын аймақты мекендейді. Тянь-Шань тобы Қазақстан, Қырғызстан және Қытай жерінде жүретін барыстардан құралған.
Ал Қазақстан мен Қытайға ортақ Жетісу Алатауын мекендейтін барыстар өз алдына бөлек топ құрайды, олардың саны 55-60 бастай болады. Қазіргі кезде олардың басым бөлігі Жетісу Алатауының бас жотасындағы мұздықтардан бастау алатын өзендердің жоғарғы жағында жүреді. Ал бұдан елу жыл бұрын барыстар осы жотаның оңтүстік-батыс бөлігіндегі аласа сілемдерді де мекендей беретін. Кезінде белгілі ғалым, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Аркадий Слудский екі барыстың Іле өзені алқабы арқылы Жетісу жотасынан Солтүстік Тянь-Шаньға қарай кетіп бара жатқанын суреттеп жазған еді.