«Innovation & Excellence Awards» халықаралық байқауында Қазақстанның IT-компаниясы қос жүлдеге ілікті. Ақтық сында отандық мамандар Ұлыбританияның мемлекеттік сатып алу қызметі және энергетикалық сектордағы әлемдік көшбасшылары өкілдерінен озып, үздік деп танылды. Қазақстандық жоба мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңінде жоспарлаудан бастап төлемге дейін тәуекел индикаторларын анықтауға бағытталған.
Виталий Тренкеншу, компанияның негізін қалаушы:
- Біздің жоба мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуекелдерді анықтауға бағытталған. Мәселен, тапсырыс беруші бәсекелестікті негізсіз шектеп, сондай-ақ тауарды өз жеткізушісінен жоғары бағамен ешқандай тендерсіз сатып алуға тырысатын жайттар болады. Осындай жағдайларды анықтап, оларды әрі қарай тексеру үшін аудиторларға жібереміз.
Айта кетейік, бұл компания ҚР Бас прокуратурасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті, қаржы мониторингі агенттігі, сондай-ақ еліміздің бизнес және квазимемлекеттік секторымен жұмыс істейді.
Виталий Тренкеншу, компанияның негізін қалаушы:
- Біз мемлекеттік сатып алу жүйесінде қаржыны үнемдеуге көмектесеміз. Қазірдің өзінде ел қазынасына бірнеше млрд үнем жасалды.
Мемлекеттік сатып алулар жүйесінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Мен мемлекеттік сатып алудың ашықтығына ерекше назар аударғым келеді. Осы жайлы үшінші жыл қатарынан айтып отырмын. Әзірше айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген жоқ.
Әріптестік әлеуетінің көкжиегі әлі де кеңейе түспек. Отандық мамандар мұнымен тоқтамайды. Жүйені көрші мемлекеттерге енгізу көзделіп отыр. Қазір Әзербайжан елінің қаржы және экономика министрліктерімен және Молдованың есеп палатасымен келіссөздер жүргізілуде.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов