Қазақстандық ғалымдар жатыр мойыны обырының диагностикасында қолданылатын ерітінді жасап шығарды. Бұған ғалымдар 2 жыл жұмсаған. Ғалымдардың айтуынша, сұйықтықтың құрамы қарапайым. Сапасы шетелдік аналогтан кем емес. Сонымен қатар жергілікті ғалымдардың жетістігі бұл тәуелділіктен құтқарып, қыруар қаржыны үнемдеуге сеп болмақ.
Қыдырмолла Ақатан, ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі:
- Сырттан кіргізетін ерітіндіге келсек, бір флаконның ішінде 17-18 мл болса, біреуінің құны біздікімен салыстырғанда 10 есе қымбат. Біз жасаған құрам бойынша оған бір арнайы реагенттермен біреуге тәуелді деген, ондай жоқ, қарапайым қолжетімді реагенттерден дайындалған.
Ғалымдарға кеңес беріп келген облыстағы онкологиялық диспансер мамандары ерітіндінің тиімділігін жоғары бағалады. Бүгінде қатерлі ісікпен күресетін дәрігерлер жаппай скринингтен өткізу үшін отандық өнімнің қолданысқа енгізілуін күтіп отыр. Мәселен, жыл сайын Шығыс Қазақстан облысында 50 мың адам жатыр мойыны қатерлі ісігін ерте анықтайтын диагностикадан өтеді екен.
Айдана Имашева, университет жанындағы ұлттық ғылыми лабораторияның ғылыми қызметкері:
- Тұрақтандырғыш ерітіндінің қолдану аясын кеңейту үшін біз қазіргі уақытта дәл осындай қасиеттері бар, яғни фиксациялау қасиетіне тән өзге де биоматериалдарды зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар оны тасымалдау мәселесін де қарастырудамыз.
Айта кетейік, авторлар бұл өнімді жаппай өндіріске енгізуге дайын. Наноөнімге патент алынып, еліміздегі медициналық бұйымдар реестіріне енгізілді.