Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы екпенің тағы екі түрін әзірлеп, үлгілер зертханалық сынаққа жіберілді. Алматыдағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының мамандары вакциналардың тиімділігін зерделемек. Екпенің бірі аустралиялық ғалымдардың көмегімен шығарылған. Ол әдеттегідей иыққа салынады. Ал екіншісі – Огайо штатының университетімен бірлескен еңбектің жемісі. Екпенің бұл түрі мұрынға тамызылады. Сүйінші жаңалықпен вакцинология халықаралық орталығының директоры Қайсар Табынов бөлісті. Ол ақжолтай хабарды өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Қайсар Табынов, ҚазҰАЗУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры:
- Осыған дейін бұл вакциналарды шағын лабораторияларда бірнеше рет тексердік. Түрлі жануарға сыналып, қауіпсіз екеніне көз жеткізілді. Енді реттеуші органдардың да сынағынан сүрінбей өтіп, оң нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.