Нияз Сүндетәлиев. 23 жасында тағдырдың тауқыметімен арбаға таңылып, сал болып қалады.
«Өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберген осы сәт менің бүгінгі жай-күйіме қатты әсер етті. Бұл жағдай менің әлемді танып-білуімді, өмірге деген көзқарасымды ғана емес, менің өзімді де, айналамды да қатты өзгертті.
Денсаулықтан айырылу оңай емес, бірақ өкінішке орай, өмірде өзіміз күтпеген нәрселер де кезігіп жатады. Жарақат алғанға дейін мен жақсы жерде қызмет істейтін едім. Жоғарғы оқу орнын тәмамдадым, тіпті шашымды тықырлатып алдырып, әскерге баруға ниеттеніп жүрдім. Менің парашют спортынан разрядым бар еді. Біраз ел-жер көрдім, қасымда достарым, таныс қыздарым, болашаққа деген армандарым болды. Алайда бір жазатайым оқиға менің өмірімнің астаң-кестеңін шығарды. Салдарынан мен де өзгердім. Төртінші қабаттың терезесіне сүйене берген кезімде қолым тайып, өз салмағым басып кетіп, төртінші қабаттан жерге құладым. Құлаған сәтте бел омыртқамдағы алтыншы сүйекті сындырып алыппын, содан соң, өкінішке орай, арбаға таңылдым», - дейді ол.