Бірегей жоба жас отандық аниматорлардың бірлескен өнімі. Әрбірі өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, мультипликациялық хикаяның арт директоры - Санжар Жүсіп жобаны кәсіби суретпен әрлеумен бірге ғалымдармен жүздесіп, тарихи мәліметтер жинау ісін қатар алып жүр. Яғни, этнографиялық және энциклопедиялық деректерді мұқият зерделейді. Ондағы мақсаты – сол кезеңге тән киім үлгісі мен тұрмыстық заттардың тарихи сәйкестігін сақтап, барынша ұлттық нақышқа сай туынды жасап шығу.
Санжар Жүсіп, «Dala shyrqauy» жобасының арт-директоры:
- Әрине, жиналған мәліметтердің негізгі қайнар көзі кітаптар. Біздің жобаға танымал күйші Абылай Тілепбергеннің көмегі мол тиді. Ол бізге қажетті ақпаратты жинауға септесті. Құрманғазы жайында, оның күйлері турасында білгенінен аянбай жайып салды. 19-шы ғасырға тән өзгеде ақпараттарды өзіміз іздедік. Көптеген қызықты дүниелер таптық. Негізінен тарихтан ауытқымай беруге тырыстық. Барлығы 13 серия. Әрине, бұл Құрманғазының барлық күйлерін қамтуға аздық етеді.
Көрерменге жол тартқан жобаның бірінші сериясы қазақ сазгерінің балалық шағын баян етеді. Алғашқы шығарылымда бала Құрманғазының ұлық ұстазы дәулескерей күйші Ұзақпен кездесуі көрініс тапқан. Баршаға мәлім бұл тарихи тұлға бас кейіпкердің шығармашылық жолын ашқан. Айта кетейік, бірер апта бұрын You Tube әлеуметтік желісіне жүктелген тұңғыш туындыны көрермен жылы қабылдады. Екінші шығарылымын үстіміздегі Наурыз айының 30 күні жарыққа шығару жоспарланған. Сондай-ақ қазір жобаның келесі маусымы әзірленіп жатыр. Ол Сүгір, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина Нүрпейісова сынды аты аңызға айналған қазақ күйшілеріне арналмақ.
Альберт Аргёнштейн, анимациялық стдудияның директоры:
- Біреулері жобаның сценарийін жазса, енді біреулері эскиздік сурет үлгілерін жасайды. Басты кейіпкерлердің бейнесін жасайтын бөлек топ бар. Аниматорларымыз осының бәрін бір арнаға тоғыстырады. Осылайша, әрбір команда өзіне жүктелген іспен айналысады. Кейінгі жобаларда халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-ертегілердің кейіпкерлерін анимация тіліне салу көзделіп отыр. Жалпы басты мақсатымыз ұлттық фольклорды шетелге шығарып ТМД және басқада сырт мемлекеттерге насихаттау. Қазір қолдағы қосалқы жобалардың бәрін осы бағытта жасап жатырмыз.
Мультсериалда нақты тарихи деректермен қатар аңыздарда қамтылған. Жас аниматорлар жоба арқылы қазақ халқының қазыналы өнерін жаңғыртуға септесіп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу, өзгеге ұлттық болмысты танытуды мақсат тұтады.