Қостанай облысындағы өртті сөндіруге тартылған құтқарушылар бөлімшелері өз аймақтарына қайтуда. Қазір Әулиекөл ауданындағы ахуал тұрақты. Жалпы, тілсіз жаумен күреске 2 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылған еді. Олар оқиға орнында 1 аптаға жуық қызмет етті. Өрт ошақтары толықтай басылғанша өлкеде 400-ден аса өрт сөндіруші қалады. Жедел штаб табиғат апатының салдары толық жойылғанға дейін жұмыс істей бермек.
Марат Сыздықов, СҚО тжд басқарма басшысының орынбасары:
– Біз келгенде мына жақтың бәрі жалынның құрсауында болатын. Түн мезгілі еді. Бірден іске кірісіп кеттік. Ең қауіптісі - мына тұрған мұнай базасы болды. Топ-топқа бөлініп, өртті жан-жақтан сөндірдік. Тұрғындардың арасынан да бізге су тасып, көмектескендер болды.
Уәлихан Мұсанов, облыстық тжд баспасөз қызметінің өкілі:
– Қазір жұмыс 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Олар: өрт сөндірілген жерлерге тілсіз жау қайта тұтанбау үшін су құю, бықсып жатқан учаскелерді жою және елді мекендердің айналысына минералды жолақтар жасау. Дәл қазір маңайдағы ауылдарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.