Түркі жұртына
ортақ тұлға Қорқыт баба туған топырақта дүбірлі думан өтті. Сыр өңірінде
дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер
фестивалі ұйымдастырылды. Осымен алтыншы мәрте шымылдығын ашқан рухани шарада еліміздің
әр аймағынан келген 200-ге жуық дәстүрлі орындаушымен қоса Түркия, Тыва, Саха,
Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің өкілдері өнер көрсетті.
«Қорқыт және Ұлы
дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі облыс әкімдігі мен
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бірлескен жобасы. Сондықтан Тұран топырағындағы
тұғырлы шараға түркі тілдес елдердің белді өнерпаздары қатысты. Жұлдыздар
шеруін ұлттық өнерімізді әлемге танытып жүрген «Хассақ» этно-фольклорлық
ансамблі мен Сыр елі жыраулық мектебінің көрнекті өкілдері бастап шықты.
Мыңжылдық
мәдениет тоғысқан Сыр өңірі осынау өнер көшімен танылған. Қорқыт бабадан бастау
алған жыраулық дәстүрді жалғаушыларға көрермен тік тұрып құрмет көрсетті.
Фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «ТҮРКСОЙ»
ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысып, Түркі халықтарының басын
қосқан шараның маңызына тоқталды.
Ержан Жәменкеев , «Хассақ»
этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:
-Ықылым заманнан келе жатқан түркі тілдес
халықтардың ортақ өркениеті, оның ішінде аспаптық музыкасы мен ән-жыры көрініс
тапты. Және бүгін де қалай сақталғанын көрсету өте маңызды деп ойлаймын.
Қызылорда облысының жастары, қала қонақтары осы фестивалді көруі шын мәнінде
үлкен олжа.
Фестивальдің
мақсаты түркі тілдес елдердің мәдени байланысын нығайтып, фольклорлық музыкасын
дәріптеу, сондай-ақ қобыз сарынымен сары даланы тербеген абыз мұрасын
насихаттап, әлемге таныту.
Изат Айдаркулова, дәстүрлі орындаушы (Қырғызстан):
-Көп мемлекеттен келген талантты өнерпаздардың
басын қосып, елге өнерін ұсынуға мүмкіндік жасалғанына қуаныштымыз. Жалпы,
қазақ еліне достық пен ынтымақты дәріптеп, көп ұлтты бір ортаға біріктіріп
жатқанына алғыс білдіреміз.
Фестивальде
еліміздің дәстүрлі орындаушыларымен қатар, түрік, өзбек, әзербайжан, қырғыз,
саха елінен келген ағайындар да қурай, қылқияқ, хомус, гайда, комуз секілді
өздерінің ұлттық аспаптарымен құйқылжыта ән шырқады. Соның ішінде әлемнің
виртуоз-хомусшысы Юлияна Кривошапкинаның өнеріне тамсанып, қол соқпаған
көрермен кемде-кем.
Осылайша Сыр төріндегі фестивальде бабадан балаға мирас болған ұлттық өнер ұлықталды.