Ақмола облысындағы Қопа көліне 23 мың ақ амур және күміс тұқы шабағы жіберілді. Бұл су айдынын табиғи жолмен тазарту үшін жасалып отыр - дейді мамандар. Бұл кезеңде шабақтар жақсы дамып, тіршілік ортасына тез бейімделеді. Сонымен қатар табиғатты қорғаушылардың айтуынша, жергілікті фаунаны әртараптандырып, көлдің экологиялық жағдайын жақсартуға көмегі зор. Бұған дейін су қоймасына 5 млн пелядь балығының дернәсілдері жіберілді.
Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану Басқармасы Басшысының орынбасары:
– Салыстырмалы түрде алатын болсақ, осыдан 2-3 жыл бұрын Қопа көліндегі оттегінің үлесі 5 процент деңгейінде еді. Қазір судағы оттегінің үлесін 7-8 процентке жеткіздік. Осыдан 5-6 жыл бұрын көліміздің жағдайы нашар еді. Санитарлық жағдайы да мәз емес. Кішкене жағымсыз иіс болды. Қазіргі таңда су қоймасындағы жағдай нормаға сай. Бұның барлығы балық қорының арқасында. Яғни дәл осы балық түрлері көлді табиғи жолмен тазартты.