Қазақтың ұлттық кестелеу өнері тарихының түп тамыры ғасырлар қойнауында жатыр. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің құндылықтарын сақтап, қасиетін жоғалтпай жақсы сақталған. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш - ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.