Қазақстандық 430 әскери қызметкер БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберіледі. Сарбаздар Орталық Африка, Конго және Мали елдеріндегі тұрақтандыру жөніндегі миссияларға, сондай-ақ Ливандағы уақытша күштер құрамына қатысады. Бұл туралы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мемлекет басшысының ұсынысын оқу барысында мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына жіберу туралы ұсыныс енгізген еді.
Руслан Жақсылықов, ҚР қорғаныс министрі:
– 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуа́рда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде, 2018 жылдан бастап – 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысты. Қазір Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде – 9 әскери қызметші жүр. Ұйым басшылығы біздің әскери қызметшілердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ, министр бітімгерлер ретінде сыртқа жіберелін әскери қызметшілерге қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетіне қатысты депутат сауалына жауап берді.
Руслан Жақсылықов, ҚР қорғаныс министрі:
– Заңға сәйкес, қатысу кезінде 3 есе жалақы, қайтып келгеннен кейін мемлекет есебінен емделу, жыл сайынғы демалысқа екі апта қосымша демалыс, қатысу кезінде жеңілдікті шарттармен 1 айы 1 жарым ай болып есептеледі.
Бірлескен палата отырысында депутаттар Президент ұсынысын қабылдады.