Мүсіндеме мен көркемсурет, музыка мен би, әдебиет пен театр – тәуелсіздік жылдары Қазақстанның классикалық және ұлттық бояуы қанық заманауи мәдениеті халықаралық алаңда кеңінен таныла бастады. «Арт глобал» хабарының бүгінгі бағдарламасында қазақ мәдениетінің ізімен көркем Францияға аттанамыз.
Бағдарламада қазіргі уақытта Париж қаласында қазақ мәдениетін, дәстүрін, тілін кеңінен таныстырып, дәріптеуге күш салып жүрген екі отандасымыз туралы айтылатын болады. Олар – Әйгерім Ерсайынова мен Әйгерім Матаева.
Олар өз еңбегі және күшімен Францияның әйгілі қаласында «Қорқыт» атты орталық ашқан. «Қорқыт» қазақ мәдениеті орталығында балаларға және ересектерге арналған қазақ тілін, ұлттық биді және ұлттық аспаптарда ойнауды үйрететін сабақтар өтеді. Арт-креатив сабақтарында балалар ұлттық стильдегі бұйымдарды өз қолдарымен жасайды.
Екеуі де Астанадағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Мысалы Әйгерім Ерсайынова төрт аспапты: қобыз, жетіген, шаңқобыз бен сазсырнайды қатар меңгерген. Әйгерімнің арқасында бұл аспаптардың ғажайып үндері Европаның түрлі қалаларындағы көрермендердің таңдайын қақтырып отыр.