Қазақстанда ғарыштық технологияларға негізделген темір жолдың жаңа географиялық ақпараттық жүйесі пайда болуы мүмкін. Жаңашылдықты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Жерді қашықтықтан зондтау орталығының мамандары әзірлеген. Осы жүйе негізінде отандық ғалымдар теміржол жолдарының электронды векторлық картасын жасауды ұсынып отыр. Ол заманауи навигатор бола тұра, сонымен қатар, ең алдымен сала мамандары үшін пайдалы болмақ. Мәселен, темір жол төңірегіндегі барлық инфрақұрылымды, соның ішінде вокзалдар мен өткелдерді жүйеге қосуға болады. Сонымен қатар оған семафордан шпалдарға дейін әрбір бөлшекті тіркеу мүмкіндігі бар. Жолдың кез келген бөлігінде желідегі жұмысшылар тікелей планшеттің көмегімен жүйеге ақаулар туралы ақпаратты енгізе алады. Бұл диспетчер арқылы ситуациялық орталыққа мәлімдемені жедел және уақтылы беруге мүмкіндік береді.
Бахыт Сахариев, темір жолдың цифрлық үлгісінің авторы:
- Электронды-векторлы карта жасалса, мәліметтер базасымен байланыстыруға болады. Әрбір станцияны, мысалы, әрбір теміржол переезд өтетін жолын, бәрін көруге болады. Оның характеристикаларын, мысалы, әрбір бөлімінің кім бастығы, қашан жөнделген, қашан ремонт жасау керек, соның бәрін көріп тұруға болады. Тека қана теміржолшылардың өзі емес, жолаушылар да оны көре алады, қай жолмен жүреді, қай қалалардан өтеді кетіп бара жатқанда, қанша уақыт қалды, қанша уақыт өтті, неше шақырым өтті.