Қазақстандық дизайнер ұлттық киімдердің шағын үлгілерін жасайды

Қамзол, сәукеле және кимешек. Алматылық Гүлнар Хамза моншақ және әшекей тастармен көмкерілген қазақтың ұлттық киімдерінің қайталанбас үлгілерін жасайды. Ерекше жұмыстар сәнқой қыз-келіншектерге емес, кәдесый қуыршақтарына арнайы тігіледі. Отандық дизайнердің айтуынша, оның туындылары шетелдіктер тарапынан сұранысқа ие. Әсіресе, Аустрия, Қытай және америкалық жиһангездердің жинақ топтамаларынан жиі кезіктіруге болады. Бельгия, Швейцария, Канада, Ресей мен Сирия елінен келген туристер де ұлттық нақышта әзірленген қуыршақтарға үлкен қызығушылық білдіріп жатады. 

Гүлнар Хамза, дизайнер:

– Маған бұның бәрін басынан бастап үйрену керек болды. Түрлі идеялар келеді. Оның бәрін іске асыруға тырысамын. Кейде фильмдерден немесе театрландырылған қойылымдарды тамашалау барысында өзіме ұнаған киімдердің үлгісін жасаймын. Қуыршақтарға арнайы киім жасау оңай емес, төзімділік керек. Бірақ өзіне баурап алатын өте қызықты жұмыс. Негізінен сахналық образдардан шабыт аламын. Әрине ұлттық нақыш, тамыры терең тартқан дәстүрлі үлгілерін жасауға ден қоямын. Менің қуыршақтарым әлемді шарлайды. Сондықтан, олардың нағыз қазақи киім үлгілерінің бірегейлігін жер-жаһанға насихаттағанын қалаймын. 

Шетел туристерінің қызығушылығын түсінуге болады, дейді Гүлнар Хамза. Өйткені, дәстүрлі костюмдер – бұл Ұлы Даланың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Дизайнер әуестігіне бар жауапкершілігімен келгенін айтады. Әр үлгі өзіне бөлек мәнерде қолмен тігіледі. Зергерлік бұйымдар және әрлейтін әшекейлерді де өз қолымен жасайды. Күрделі жұмыстарға шамамен 10 күн уақыт кетеді. Гүлнардың ендігі мақсаты өз шеберханасын ашу. Сондай-ақ, ерлердің ұлттық киім үлгілерін жасауды жаспарлар отыр.

Гүлнар Хамза, дизайнер:

– Өзімнің шеберханамды ашсам деймін. Бұл бір үлгідегі жұмыс. Бірін-бірін қайталамайтын өнер туындылары. Осы ісімді қолдап, менімен бірге оны дамытуға ниетті адамдарды табу қиын. Өйткені бұл өте күрделі әрі шыдамдылықты талап ететін іс. Бір жерде ұзақ отыру керек. Қазіргі зымыраған заманда ондай адамдар аз.

Шебер қазір төл тарих пен мәдениеттен сыр шертетін тағы 8 түрлі кәдесый жасап жатыр. Бұл қуыршақтары да кезекті елдерде ұлттық салт-санамызды насихаттайтын болады. 

 

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов