Қазақстандық балғындарға үйірмелер мен жаттығу алаңдары қолжетімді боламақ

Қазақстандық балалар үшін үйірмелер мен жаттығу алаңдары қолжетімді бола түсті. Елімізде жас өрендерді дамыту шараларын қаржыландыруды көздейтін  арнайы бағдарлама жүзеге асуда. Мемлекеттік қолдаудың аясында балғындар оларға тегін қатыса алады. Жоба іске қосылған екі айдың ішінде 5 мыңға тарта ата-ана мен 400 жеке ұйымнан өтінім келіп түскен. Жалпы жыл соңына дейін 83 мың балаға орын шақталған. Бір бала қатарынан екі тегін үйірмені таңдай алады.

Дәурен Жүсіпназаров, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы:

- Бізде арнайы сайт бар, «EDU.kz» деп аталатын портал адам басына шағып қаржыландыруды көздейді. Ата-ана алдымен бұл сайтқа кіріп тіркелулері керек. Кейін оған баласын қосу керек. Бұдан соң өз өңірі мен бағытын таңдайды. Мәселен ол спорттық бағыт болуы мүмкін. Онда осы салаға қатысты қызметтер ұсынатын ұйымдардың тізімі шығады. Оларда біздің сайтқа тіркелген. Кейін олардың арасынан өзіне қажетті үйірмені таңдайды.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Игі бастаманың басты мақсаты ол біздің балғындарымыздың дарындарын ашып, шығармашылық тұрғыда дамыту үшін және рухани азықтандыру қамында тегін үйірмелермен қамтамасыз ету. Бұл өзінің жемісін беретініне сенімдімін.

Іріктеуден өткен кәсіби ұйымдардың бірі елордалық би және шығармашылық студиясы. Әзірге оларға екі шығармашылық пән бойынша 70 орын беріліп отыр. Бұл шақталған орындар жарты сағаттың ішінде толыпты. Сұраныс бар. Министрліктің қарауында тағы бірнеше үйірме жатыр. Бағдарламаның басты артықшылығы олардың аулаларда орналасуында дейді мектеп жетекшісі Лана Болат.

Лана Болат, би және шығармашылық студиясының жетекшісі: 

- Біз ұсынған үйірмелердің орны жылдам толды. Сұраныс үлкен. Ата-аналар кезегін күтуде. Порталды күні-түні торауылдап баласына орын алып қоюды армандайды. Мен бұл біздің болашағымызға құйған инвестиция деп білемін. Балалар дұрыс жетіліп, ой-өрістері кеңейеді. Нәтижесінде денсаулығы мықты, саналы тәрбиесі бар жігерлі ұрпақ тәрбиелейміз.

Кішкентай Арина осымен екі жыл бойы шахмат пен сурет салу үйірмелеріне үзбей қатысады. Жас дарынның көркем гимнастикағада қызығушылығы бар. Алайда ата-анасына бұл әуестігінде қатар көтеру қалталарын қағады. Бұдан былай шығармашылық үйірмелердің үкіметтің қаржыландыруы арқасында балаларға тегін болатыны оларды қуантпай қоймады.

Марина, Аринаның әжесі:

- Үкімет тарапынан біздің балаларымызға қамқорлық жасалып жатқаны қуанышты. Біз шахмат пен сурет үйірмесіне қоса көркем гимнастика жаттығуларын алатын боламыз. Ол осы спорт түріне бейім. Салауатты өмір салтын қолдайды. Енді 2 емес 3 үйірмні бірдей меңгеретін болдық. Біз үшін үлкен қолдау.

Өз қызметтерін ұсынатын ұйымдарға қойылатын басты талап – біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың болуы. Сондай-ақ үйіме өткізетін нысан кемінде бір жылға жалға алынуы тиіс. Әрине ғимарат санитарлық талаптарға сай болуы керек. Әзірге бұл бағдарлама аясында үлкен шаһарлар белсенділік танытуда. Сондықтан бұл жұмысты ауылды аймақтарда кеңірек насиғатау керек дейді, ұйымдастырушылар. Ол үшін жеткілікті қараждат бағытталған. Мақсат 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды игі шараға барынша тарту.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов