Отандық киноөндіріс әлемі саңлағынан айрылды... Қазақстандық актер әрі продюсер Фархад Әбдірайымов Грузияда түсірілім кезінде қайтыс болды. «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұмның жүрек талмасы ұстап, демі үзілген.
55 жасына қараған шағында өмірден озған өнер майталманы – «Халық сүйіктісі» қоғамдық премияның екі дүркін лауреаты және «Құрмет» орденінің иегері. Ол көрерменге «Фара», «Человек-ветер», «Сказ о розовом зайце», «Рэкетир 2» фильмдері арқылы да жақсы таныс.
Фархад Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған. Алматы технологиялық университетін бітірген.
Фархад Әбдірайымовтың кинодағы дебюті 1996 жылы Қазақстан мен Ресей бірлесіп түсірген «Кімнің жаны нәзік болса» фильміндегі рөлі болды. Осы рөлі үшін ол 1996 жылдың «үздік актері» ретінде Ресейдің кино басылымының сыйлығын алды.
1999 жылы актер «Фара» фильмінде басты рөлді сомдап, Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде «үздік ер адам рөлі» үшін жүлдеге ие болды.
2000 жылы «Алтын адам» байқауында әртіс «Жыл киножұлдызы» атанды. 2003 жылы Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар актер Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі болды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов