Қазақстанда коронавирус індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Індеттің тез таралуына елде коронавирустың омикрон штамының анықталуы әсер етті деп түсіндірді министр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Генетикалық зерттеулердің нәтижесінде қаңтардың басында омикрон Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталып дәлелденді. Омикрон штамының ерекшеліктері: ауру жылдам жұғады, қайта жұқтыру қаупі өте жоғары және жоғарғы тыныс алу жолдарында дельтаға қарағанда 70 есе жылдам көбейеді.
Сондай-ақ сала басшысы еліміздегі эпиджағдайға болжам жасады. Оның айтуынша, оптимистік сценарийге сәйкес ревакцинациямен халық 100 процентке дейін қамтылып, профилактика шараларын жаппай сақтаса, тәулігіне 17,5 мың жағдайға дейін тіркеледі. Ал ахуал пессимистік жағдайға дейін төмендесе, тәулігіне 40 мыңға дейін жұқтыру дерегі тіркелуі бек мүмкін.