Ол үшін электронды сауда алаңын енгізу көзделуде деді Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов. Жүйеде тұтынушылар көрсетілетін қызметтердің құны мен рейтингін саралап, монтаждау ұйымдарын, жабдықтарды жеткізушілерді таңдай алады. Министрдің айтуынша, елді газдандыру деңгейін биыл 60%-ке жеткізу межеленген. Жылдық тұтыну көлемі 20 млрд текше метрді құрайды деп күтілуде. Жыл соңына дейін 76 жоба іске асырылып, нәтижесінде тағы 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенге көгілдір отын жетеді. Қазіргі таңда оның қызығын 1,6 млн қазақстандық көріп отыр. Елде тұтыну көлемі артқан сайын газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын молайту мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынған.
Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
- Бұл өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу; өткізу қабілеті жылына 13,1 млрд текше метр «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу; құны 96 млрд теңгеге Алматы қаласында 2, 3-ші жылу электр орталықтарын газдандыру бойынша инфрақұрылымдық жобалар. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд. теңгені құрайтын «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-ші тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-ші тізбегін салу басталады.