Қазақстанда биыл 180 өндірістік жоба іске қосылады

Қазақстанда отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі жинақталып жатыр. Ол осы жылдың соңына дейін жасақталмақ. Онда жергілікті өндірушілер туралы ақпарат, шығарылатын өнім, көрсетілетін қызмет түрлері және қызметкерлер саны жөнінде толыққанды мәлімет қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында сала министрі мәлімдеді.

Айтуынша, осы реестрге енгізілген кәсіпорындарға локализациялауды арттыру шарты қойылады. Осының есесіне, тізілімге кірген өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларына қатыса алады. Бұған қоса, отандық кәсіпорындарды қолдау үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер пысықталуда.  

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

– Ірі тапсырыс берушілердің отандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану бағдарламаларын бекіту, ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк келісімшарттар жасасу міндеттемелерін белгілеу. Екінші – мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдануды бақылау комиссиясын құру. Үшінші – жаңа өндірістік нысандар құрылысы барысында отандық тауар өндірушілерден материалдар мен жабдықтарды сатып алу үшін міндеттемелерді белгілеу. 

Елімізде дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдарды сатып алуда да отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Бүгінде 35 отандық өндірушімен 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім жеткізу үшін 94 ұзақмерзімді шарт бекітілген. Жыл соңына дейін 24 жергілікті компаниямен осындай келісімдер жасалмақ. Нәтижесінде алғашқы жартыжылдықта саланың өндірісі 14 жарым пайызға артқан.

Сондай-ақ, Қазақстан жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміндегі базалық дәрі-дәрмектің 62% өзінде өндіреді. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған кең таралған аурулар тізімінің негізінде министрлікпен басымдық берілетін базалық дәрілік заттардың тізімі қалыптастырылып, 283 дәрілік зат іріктеп алынды. Бүгінгі күні осы тізімдегі 107 дәрілік заттар, яғни 37,5% Қазақстан Республикасының аумағында өндіріледі. Алдағы уақытта қалған 178 дәрілік заттың өндірісін жүргізу басымдыққа ие болады. 

Қазақстан импортқа тәуелділіктен арылудың қамында 2027 жылға дейін 9 шетелдік компанияны жергіліктендіруге ниетті. Нәтижесінде елімізге 20 млн доллардан астам инвестиция тартудың мүмкіндігі тумақ. Бұдан бөлек отандық өнім өндірісін арттыру үшін биыл жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.