Қазақстанда биологиядан Халықаралық пән олимпиадасы өтіп жатыр

Қазақстанда биологиядан әлемдегі ең танымал, әрі беделді халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Ол - оқушылар арасындағы пән бойынша сайыстардың үздік жетілігіне кіреді. Биыл зияткерлік сайысқа  әлемнің 81 елінен келген 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысып отыр. Қазақстандықтар болса, IBO-ға осымен 28 жыл қатарынан қатысып отыр. Осы аралықта түрлі дәрежедегі 70 марапатқа ие болып үлгерген.

 

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

 

- Бұл олимпиаданың Қазақстанда, Астана қаласында өткізілуі – біздің жыл сайынғы жас өрендеріміздің осындай әлемдік, халықаралық олимпиадалардан алып келе жатқан жетістіктері, медальдарының көрсеткіші деп есептеу керек. Өйткені, бізде олимпиадаға қатысатын әрбір екінші оқушы - жүлделі орынмен жылда оралып отыр. Биылдың өзінде 243 біздің жастарымыз, оқушыларымыз осындай пән олимпиадаларынан жетістіктерге жетіп, жемісін көрсетіп жатыр деп айтуға болады.

 

IBO-да Қазақстаннан  4 оқушы мен 2 жетекші  қатысып жатыр. Оқушылар көпсатылы іріктеуден сүрінбей өткен және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Қатысушыларды тек теория мен практикаға негізделген тапсырмалар ғана емес, Елорданың көрнекі жерлері мен Бурабайға экскурсия күтіп тұр. Сонымен қатар, халқымыздың тарихы және мәдениетімен де танысады.

 

Нұртөре Төреханұлы, олимпиада қатысушысы:

- International biology олимпиадасына 7 сыныптан бері дайындалып келемін. 5 жылдық еңбектің арқасында осы халықаралық олимпиадаға өте алдым. Осындай беделді халықаралық олимпиадада Қазақстанның атынан шығып, намысын қорғайтыныма өте қуаныштымын.