Елімізде 1 қыркүйекте бүлдіршіндер 52 жаңа мектептің табалдырығын аттайды. Ал жыл соңына дейін тағы 102 білім ошағы есігін айқара ашады. Бұл апаттық және үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешуге ықпал етеді, деді Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі.
Ғани Бейсембаевтың әдеттегідей балалардың қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге басымдық беріліп келетінін жеткізді. 3 мыңнан астам білім беру
ұйымы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған. Оның
дерегінше, лицензияланған күзет қызметімен қамтылған және дабыл түймелері
орнатылған білім ошақтарының саны екі есеге жуық артқан. Жалпы биыл 3,9 млн
оқушының 364 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Мемлекет басшысының
тапсырмасымен жаңа оқу жылынан бастап 1,5 млн-ға жуық бастауыш сынып оқушылары
тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау
шараларымен қамтамасыз етуі тиіс. Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен
көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және
Индустрия министрліктері мен «Атамекен» палатасы оқу құралдары мен мектеп
формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауы керек.