Қазақстанда 2030 жылға қарай су тапшылығы болуы мүмкін

Қазақстанда 2030 жылға қарай жылына су тапшылығы 23 текше километрді құрауы мүмкін. Елде соңғы 20 жылда тіршілік көзіннің сарқылып баратыны байқалуда. Елдегі бұл қолайсыз жағдайды оңалту бағытында қолға алынған жұмыстармен арнайы брифинг барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Досбол Бекмағамбетов таныстырды. Оның дерегінше, қазір ел аумағында республикалық маңызға ие 120 арнаны қайта жаңғырту жобасы әзірленуде. Нәтижесінде суармалы су шығыны жылына 800 миллион текше метрге дейін азаймақ. Сондай-ақ, қосымша көлемді қамту үшін 2025 жылға дейін жаңадан 9 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Олар 

Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында қолданысқа тапсырылады. Бұл бізді көрші елдерден суға деген  тәуелділіктен арылтып, 70 елді мекеніндегі су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Спикер трансшекаралық Жайықтың жағдайына тоқталып,  өзенді ерекше маңызы бар су көздерінің тізбегіне қосу мүмкіндігі туралы айтып берді.

Досбол Бекмағамбетов, ҚР  экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда аталмыш тізімге 5 су нысаны енгізілді. Оған Каспий теңізі, Есіл өзені, Балқаш көлі, Зайсан және Алакөл жүйесіндегі көлдер кіреді. Олардың қатарына Жайық өзенін қосу үшін тиісті ғылыми негіздеме әзірлеу қажет. Қазір біз бұл мәселені шешу жолдарын Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтауға бағытталған Қазақстан мен Ресейдің 2021-2024 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасының аясында қарастырып жатырмыз. Осыған қатысты жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде тізімге қосымша енгізілетін болады. Айта кету керек, биылғы жылы  Жайық өзеніндегі су шаруашылығының ахуалы былтырға қарағанда жақсарып келетінін байқалады.     

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов