Қазақстан авиация саласына барлығы шамамен 3 млрд доллар
инвестиция тартуға ниетті. Қаражат ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда,
Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа
әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы
техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ. Премьер-министр Олжас Бектеновтың
төрағалығымен өткен кеңесте саланы дамыту мәселелері талқыланды. Еліміздің
авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге ерекше назар аударылады. Бұл әуе тораптарын дамыту, жерүсті
инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарына қатысты. Жиында, сондай-ақ ұлттық жүк авиатасымалын құру жөніндегі бастаманың іске асырылу
барысы қаралды. Оны жүзеге асыру транзиттік
жүк ағындарын Қазақстанға қарай бұруға мүмкіндік береді және жүк авиатасымалы
нарығындағы елдің ұстанымын күшейтеді. Үкімет басшысы
барлық дайындық процестерін барынша жеделдетуді тапсырды. Айта кетейік, бүгінгі
таңда жүк тасымалдарының көлемі 58 млн тоннаны құрайды, бұл ретте тасымалдардың
15%-ға жуығы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді. Сондай-ақ, Көлік
министрлігі биыл жолаушылар ағынының өскенін атап өтті. Қазақстандық
авиакомпаниялар 7 млн-нан астам жолаушы тасымалдаған, әуежайларда жолаушыларға
қызмет көрсету көлемі 14,4 млн адамға дейін артты.

