Сондай-ақ жалпы өңірде әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саланың дамуына тың серпін береді. Қазақстанның алғашқы авиациялық форумына қатысқан тәжірибелі шетелдік сарапшылар осындай пікір білдірді. IPADIS халықаралық үкіметтік емес ұйымының президенті Олумиюва Бенард Алиудің пайымынша, аймақ елдері бұл бағытта Қазақстаннан үйренері мол және еліміздің саланы жетілдіру үшін әлеуеті жеткілікті.
Олумиюва Бенард Алиу, IPADIS президенті:
- Қазақстан Орталық Азия аймағындағы көшбасшы мемлекет. Азия мен Еуропаның ортасында орналасқанын және ел аумағының кеңдігін ескере келе Қазақстанда авиацияны дамытудың зор мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда отандық авиация ел экономикасының қарқынды дамуына үлкен үлес қосып келетінін көріп отырмыз. Бүгінгі жиын Қазақстанның жалпы аймақта осы сала бойынша да алдыңғы қатарда жүргенін танытты. Сондықтанда, елде бұл бағыттағы бар мүмкіндікті ұтымды пайдалануға болады. Азаматтық авиация бойынша ішкі қажеттілікті жабумен қатар өңір мен әлемдік деңгейде дамуға қажетті алғышарттар бар.
ИКАО конференцияларының бірінде ұйымға мүше мемлекеттер 2050 жылға дейін реактивті жанармайды экологиялық таза және қауіпсіз түріне алмастыру бағытында бірлесе жұмыс жасауға уағдаласты. Мәселен, Қазақстан, өңірдің өзге елдері сынды «жасыл» биоотын өндіруге қауқарлы. Балама өнімді қатты тұрмыстық қалдықтардан алуға болады, дейді IATA федералды әуе көлігі агенттігінің өкілдері.
Мехмет Нане, IATA директорлар кеңесінің төрағасы:
- Қазақстанда, және жалпы Орталық Азияда бұған қажеттілік бар. Бүгінде әлемде жасыл отынды өндірудің екі көзі бар. Оны дәнді дақылдардан және тұрмыстық қалдықтардан алуға болады. Меніңше, бұл ретте оның екінші жолын таңдаған дұрыс. Себебі, әлемде бүгінде миллиардтаған адам тамаққа зәру. Сондықтан, дәнді-дақылдарды өз мақсаты бойынша азыққа пайдаланып, қоқысты қайта өңдеу арқылы биоәуеотын шығаруға ден қойған абзал болады деп санаймын.