Қазақстан 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын екі есеге жуық қысқартуды жоспарлап отыр. Биыл тозу көрсеткіші 75%-тен асатын 47 коммуникациялық жобаны жүзеге асыруға 69 миллиард 400 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа елімізде шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарлануда. Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Үкімет резервінен Ақмола және Павлодар облыстарында жылу желілерін реконструкциялауға және жаңғыртуға 13 млрд теңгеден аса қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда, Екібастұз қаласында 4 жылу магистралін қайта жаңғырту және Павлодарда жаңа жылу желілерінің құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, Марат Қарабаев алдағы жылу беру маусымына дайындық шеңберінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарын тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырды.
Марат Қарабаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін 2023 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізуі және жеке желілерді коммуналдық меншікке берудің орындылығы мәселесін қарауы; 2023 жылдың соңына дейін 2024 жылғы құрылыс - монтаждау жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтауы; жазғы уақытта тұйықтарда және көмір шұңқырларында көмір қорларын жинауды бастауы; сауда биржасының ашық жұмысын және көлемдердің біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті.
Өз кезегінде министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов баяндамашыларды тыңдай келе, Үкіметке жылу желілерін сапалы және уақытылы ауыстыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңір әкімдіктері Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің алдағы 2023-2024-ші жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажет. Екінші. Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1-ші маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керек.