Асқар Есдәулетов – Қазақстанда жеке дара жетістікке жетіп, қазақтың әр алуан өнерін қатар алып келе жатқан танымал суретшілердің бірі. Ол алғаш рет 90-шы жылдардың басында көптің ішінен жарып шыққан мықты жас суретшілердің арасынан өте айрықша кескіндеме өнерімен көзге түскен болатын.
Ол шығыстың дүниетанымын, ертедегі аңыз әңгімелерінің терең астарын ашуға тырысады. Көптеген картинасынан жылан, кең далада көшіп-қонып жүрген көшпенділер, т.б. байқауға болады. Бір таңғаларлығы, суретші шынайы көріністі аңызбен байланыстыра отырып, барлығына ортақ көріністі кенеп бетіне түсіре біледі.
Оның мүсіндерінің тартымдылығы неде дегенге келер болсақ, мүсін жасау – өте қиын жұмыс. Бұл өнермен айналысатындар оған барлық өмірін арнайды десек те болады. Металмен жұмыс жасайтын суретші алдымен классикалық қолаға таңдау жасайды. Қоланы өте классикалық материал деп білгендіктен, ол да осы әдісті байқап көргісі келді. Осылай әркез ізденіс үстінде жүріп, алға құлаш сермеп келеді.