Азиз Заировтың әуелгі мамандығы – құрылысшы. Ағашпен жұмыс жасағанды ұнатады. Алайда денсаулығы сыр беріп, соның салдарынан ешқандай жұмыс орнында тұрақтай алмайды. 2-ші топтағы мүгедек қағазы болса да, нәпақа табу мақсатында цемент тасып, вагонға жүк тиіп, қара жұмысшы болған кездері де болды. Соған қарамастан спортпен айналысуға да уақыт табады. «Адам мүгедек болса, демек ол бейшара, оны тек аяу керек» деген қағиданы жоққа шығарғысы келеді.
Жасы 30-ға таяғанда Азиз тіпті қара жұмыс істей алмайтын күйге жетеді. Сол сәтте жұмыссыз қалып, оның үстіне құжаттары дұрыс болмай жәрдемақыдан да айрылады. «Құрдым деген осы болар, өмірім тозаққа айналғандай болды», - дейді ол сол сәтті еске алып.
Алайда тағдырдың мұндай ауыртпашылығына мойымаған Азиз Кино факультетін тәмамдап, өнерге бет бұрады. Бүгінде ол бірнеше қысқаметражды мағыналы фильмдер түсіріп, өзін сол салада сынап жүр. Музыкалық студия, театр, сондай-ақ көркемдік шеберхана ашуды қолға алады. Міне, қайсарлық, өжеттік деп осы қасиеттерді айтуға әбден болады!