«Қазақ бизнес кэмп». Дәл осындай атаумен «Otandastar Qory» шетелден келген қандас студенттерге өз кәсібін ашуға және оны қолдауға мүмкіндік беретін жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елордада өткен қандас студенттермен кездесу барысында «Otandastar Qory» президентінің кеңесшісі Дидар Болат мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелден келетін жастардың басым көпшілігі оқуы аяқталғаннан кейін қайтадан елден кетіп жатады. «Олар Қазақстанда өз кәсібін ашып, оны дамытуға болатынын біле бермейді немесе тәуекелдерден қорқады. Сондықтан қандастарды қолдауға арналған тағы бір жобаны әзірлеу үстіндеміз», – дейді маман.
Дидар Болат, «Otandastar Qory» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі:
- Бұл бағытты 2019 жылы бастаған болатынбыз. Одан кейін пандемияға тап болып, істі тоқтаттық. Қазір қайтадан қолға алдық. Негізгі мақсатымыз – жастардың бизнес идеясын қолдап, оларға Қазақстандағы бизнес саласындағы мықты азаматтарды қосу.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің 20-ға жуық ЖОО-да 7 мыңдай қандас студент білім алады. Олардың басым көпшілігі Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген.