Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасында Қазақстанның халық жазушысы - Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залы ашылды. Еліміздің рухани азық қоры жиналған ғимарат төрінде қаламгердің бай шығармашылық мұрасы, тағлымды өмірінен сыр шертетін жеке заттары қойылған. Оқырмандар үшін заманауи үлгіде жабдықталған зал түрлі әдеби кештер өткізетін орынға айналмақ.
Жарқынбек Жұмаділ, ҚР ҰАК қызметкері:
- Әдебиетке қызығатын оқырмандарымыз осында келіп атамыздың ұстаған қаламын, ол кісінің тұтынған заттарын, отырған жұмыс орны осының барлығын көру арқылы атамыздың шығармашылығын оқуға қызығады деп ойлаймыз. Сол үшін бұл жерде негізінен жастарға арналған әдеби онлайн конференциялар өткізуге мүмкіндігі өте жоғары. Және жастарға арналған әдеби шығармашылық кештер, әдеби талқылаулардың барлығы дерлік осы жерде өтеді деп күтіп отырмыз.
Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік қаламгердің жазушылық қабілеті түркі халықтарынан асып, Еуропаны мойындатты. Оның бір ғана «Қан мен тер» трилогиясы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған. Осы шығарманың желісі бойынша 2 бөлімді кинотуынды түсірілген. «Соңғы парыз» дилогиясы Арал мәселесіне дүниежүзінің назарын аудартты. Күзде 97 жасқа келетін Әбдіжәміл Нұрпейісов КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған үш қазақстандық жазушының бірі.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы ағамызға арнап «Қазақстанның Еңбек Ері» атты еліміздің ең биік атағын, мәртебесін берген болатын. Әрине ең алдымен Әбдіжәміл ағамызға тілейтініміз денсаулық, шығармашылық шабыт. Алда өзінің қаламының астынан бізге керемет деген туындыларын сыйлай берсін дейміз.
Ұлы отан соғысының ардагері керемет жазушы ғана емес, сондай-ақ шебер аудармашы. Ол Чеховтың, Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы Кэсон сынды әлемдік классиктердің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов