Елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі

Елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі

Қазақстанда қоршаған ортаға келтірген залал үшін жауапкершілік күшейеді. Мәселен, бұдан былай жер қойнауын өз бетінше пайдаланғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжілісте экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев еліміздің қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстеріне еңгізілетін түзетулермен таныстырды. Оның айтуынша, бұған дейін ағаштардың тамырына заңсыз балта шапқандарға қоғамдық жұмыстар немесе шағын айыппұлдар тағайындалған. Бұл жазалар табиғатқа келтірілген залалға сәйкес келмейді, дейді сала басшысы. Енді жаңа құжатқа сәйкес, бұл заңсыз әрекет қылмыс санатына ауыстырылады. Сонымен қатар, министр әкімшілік бұзушылықтар кодексіне енгізу көзделген жаңа түзетулер туралы айтып берді. Олар ұлттық парктер мен Қазақстанның басқа да табиғи байлықтарын қорғауға бағытталған. Төменгі палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінде жеке тұлғалардың болу тәртібін бұзуға қатысты  жағдайларының саны күрт өсті. Егер 2017 жылы барлығы 41 құқық бұзушылық жасалса, 2020-шы жылы пандемияға қарамастан 900-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты заң жобасында айыппұл мөлшерін 2 АЕК тен 5АЕК мөлшеріне дейін ұлғайту көзделген.

Сондай-ақ, ведомство басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында елімізде ақбөкендердің Орал популяциясын реттеу қажеттілігі туралы айтты. Бұл Ұлы дала жауһары тұқымын жер бетінен жойылып кету қаупінен сақтап, басын көбейту қамында қолға алынған игі бастама.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Қазір биологилық негіздемесін жасау аяқталды. Ғалымдар ақбөкендердің санын реттеу қажеттілігі туындап тұрғанын айтады. Бұл Орал популяциясына қатысты. Қазір бұл тұқымның саны  шамамен 800 мыңнан асады. Олардың 10% реттеуге жатады. Яғни 80 мың басты құрайды.  

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов