Қазақстанда Аризона университетінің филиалы ашылады. Солтүстік Қазақстан университеті базасында АҚШ-пен бірлескен ЖОО құру мәселелері ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Аризона университеті президентінің онлайн келіссөздерінде талқыланды. Білім саласы, IT, инженерия, агро-техникалық бағыттарды оқыту АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі. Негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. Сондай-ақ халықаралық профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады. Отандық оқытушылардың айтуынша, елімізде шетелдік оқу орындарының кампустарын ашу жоғары білім беру жүйесіне әлемдік стандарттар мен жаңа әдістемелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Ерлан Шұланов, Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры, басқарма төрағасы:
- Сондай-ақ қосдиплом бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге Аризона университетінің үй кампусы базасында бір семестр бойы АҚШ-та білім алу мүмкіндігі беріледі. Жалпы мұндай жобаны жүзеге асыру жастардың сыртқа ағылуын айтарлықтай азайтады және елімізден шықпай-ақ халықаралық білім алуға мүмкіндік береді.