Анкара қаласында өтіп жатқан 16-шы кітап көрмесінде қазақстандық жазушылардың шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Шара барысында Жамбыл Жабаевтың «Көроғлы» дастанының, Нұрғали Ораздың «Қазығұрт оқиғалары» кітабының, Бауыржан Қарағызұлы туындысының түрік тіліндегі аудармалары таныстырылды.
Мәлік Отарбаев, аудармашы:
- Жамбыл атамыздың «Көроғлы» деген дастаны – бүкіл түркі жұртына таптырмайтын құндылық. Бұл да алғаш рет түрік тіліне аударылып отыр. Сондықтан Анкара қаласында өтіп жатқан аталмыш көрмеге біздің қатысуымыз, ғалымдарымыздың кітаптарының таныстырылымы еліміздің тәуелсіздік жылдарында атқарған үлкен жетістігі деп білеміз.
Нұрғали Ораз, жазушы:
- Біз үшін кітап көрмесі – рухани мереке. Түрік қаламгерлерімен біраз жылдан бері жақын араласып тұрамыз. Олардың шығармаларын біз, біздің шығармаларды олар тәржімалап оқырмандарына, еліне таныстырып жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай менің «Қазығұрт оқиғалары» деп аталатын кітабым түрікше басылып шықты.
Жалпы кітап көрмесінде 350 жазушы, 200-ге жуық баспа үйі бас қосқан жәрмеңкеде 100 мың дана кітап таныстырылмақ. Өз кезегінде Түркия парламентінің спикерінің айтуынша, мәдени шаралар екі ел ынтымақтастығына елеулі үлес қосады.
Мұстафа Шентоп, Түркия парламентінің спикері:
- Жәрмеңкеге бауырлас қазақ елінің жазушылары қатысып жатқаны үлкен мәртебе. Кез келген қаладағы кітап жәрмеңкесі маңызды. Дегенмен Анкара кітап көрмесінің орны бөлек. Шаһарда 22 университет пен 300 мыңнан астам студент білім алады. Демек, жас оқырмандар көп деген сөз.