Жүздері мейірім мен жылылыққа толы, ержүрек шешен халқы «Қонақ келсе құт келеді», - деп мақалдайды. Шешендер Солтүстік Кавказдан тараған нахск халқы. Олар ингуштармен бірге Қазақстанға 20 ғасырдың 40 жылдары қоныс аударған. Кезінде орыс тарихшылары шешендерді жүздері шырайлы, көздерінде ерекше от бар, - деп сипаттаған екен. Тіпті шешендерді «Кавказдың француздары» деп атаған. Бұл халықтың өкілдерінен «вайнах» сөзін жиі естуіңіз мүмкін. Оның аудармасы «біздің халық» дегенді білдіреді. Шешен халқы көп ауыртпашылық көргенімен, әрдайым салт-дәстүрін сақтайтын ұлттың бірі. Үйге келген қонақты зор құрметпен төріне отырғызып, алдына дастарханын жайып қарсы алады.