Яғни 105 мыңнан астам бозбала отан алдындағы борышын өтеуге жарамды деп танылды. Өзге 19 мыңы медициналық немесе психологиялық сынақтарда сыр берді. Елдегі әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселелері Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде қаралды. Денсаулық сақтау министрлігі қызметке жарамсыз қазақстандықтар ең көп тіркелген аймақтарды атады. Бұл ретте Атырау облысы көш бастады. Одан кейін Батыс Қазақстан өңірі тұр. Тізімді Шымкент, Алматы мен Ақмола аймақтары жалғайды. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігінің бақылау комитеті осы өлкелердегі соңғы екі жылда шақыру комиссияларының жұмысы тексерілетінін мәлімдеді.
Вячеслав Дудник, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
- Кімнің қандай себептермен жарамсыз деп танылғанын толық тексереміз. Біз қазір осыған қатысты бірлескен хат әзірлеп жатырмыз. Себебі денсаулық сақтау министрілігі өз комитетіне тексерсін деп бұйыра алмайды. Ол үшін қорғаныс министрлігі бізге арнайы хат жолдауы тиіс. Сол кезде біз тексеріп, толық талдау жүргіземіз. Нақты олқылықтар табылса шешімін іздейміз.
Сондай-ақ жиында әскери қызмет пен әскерге деген оң көзқарасты қалыптастыру мәселесі көтерілді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде бұл жұмысқа блогерлер мен қоғам қайраткерлері белсенді атсалысуда. Сонымен қатар бейінді ведомство патриоттық тақырыптағы фильмдер мен сериалдар түсіруге қолдау көрсетіп келеді.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР қорғаныс министрінің орынбасары:
- Жеке құрамды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етеміз. Алда біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры, Беларусь Республикасы аумағындағы ерлігін баяндайтын «1941 жылдың жазы» фильмін көрсету жоспарлануда.