Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» кинокартинасы Токио халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясына ие болды. Фильм технология дамыған ғасырда түсініксіз және өзекті болмай қалудан қорқатын ақынның тағдыры туралы баяндайды. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесінің негізінде жазылған. 2019 жылы бұл жоба Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанған еді. Картинаның түсірілімі Алматы қаласы мен облысында және Атырау қаласында Махамбет Өтемісұлы кесенесінің жанында өтті.
Токио халықаралық кинофестивалі құрамына Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы аккредиттеген әлемнің 15 жетекші кинофестивальдері кіретін беделді шара екенін атап өткен жөн.
Авторы: Гүлбану Тәжібек