Қазақстан жастарына қанат бітірген «Болашақ» бағдарламасына биыл 28 жыл. Осы жылдары 14 мыңнан аса азамат игі жобаның стипендиаты атанған. Осы орайда Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Айнұр Кәрібозова «Болашақ» түлектерінің қайда, қандай қызметте екені жайлы сөз қозғады.
Айнұр Кәрібозова, халықаралық бағдарламалар орталығының директоры:
- Олардың 50% астамы – гуманитарлық әлеуметтік бағытта білім алғандар, 30% астамы – инженерлік-техникалық бағытта білім алғандар, ал 7-8% – медицина, денсаулық сақтау саласында білім алғандар, 2% төмені – шығармашылық, өнер саласында білім алғандар. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің басым көпшілігі мелекеттік мекемелерде, 30% астамы жеке сектордағы компанияларда қызмет істесе, 15% Қазақстандағы шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдігінде жұмыс істесе, түлектердің 2% бүгінгі күнде ұлттық компанияларда еңбек етуде.
«Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі отандық танымал кардиохирург Дмитрий Горбуновтың айтуынша, осыдан 28 жыл бұрын бағдарлама Қазақстанның болашағы үшін қаншалықты қажет болса, қазір дәл солай қажет. Себебі сол жылдары шетелде білім алған студенттер мемлекет болашағының қалыптасуына өз үлесін қосты және бүгінде еліміз оның жемісін көріп отыр.
Дмитрий Горбунов, кардиохирург:
- Шетелде оқу барысында біз еуропалық клиникаларды көрдік, онда тәжірибеден өттік. Еуропаның ең жақсы деген клиникаларында жағдайдың қандай екеніне де куә болдық. Ал елге оралғанда сондай жағдайдың біздің елімізде де болғанын қаладық. Сондықтан біз Қазақстанда денсаулық сақтау саласының кейбір бағыттарын дамыта бастадық. Осылайша, әріптестерімізбен бірге алдымен балалар кардиохирургиялық бөлімшесін, содан кейін жаңа туған нәрестелердің неонаталдық кардиохирургиясын аштық. Әрине, «Болашақ» бағдарламасынсыз мұны істеу әлдеқайда қиын болар еді.
Халықаралық бағдарламалар орталығының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, болашақтықтардың қатысуымен тәуелсіздік жылдары орта есеппен 213 мың медициналық операция жасалып, 145 мың оқушы мен студент оқытылды, мыңнан астам ғылыми жұмыс жарияланды. Сондай-ақ 90 мыңнан астам балаға менторлық етіп, кәсіпке баулыды.
Айта кетейік, Қазақстанның брендіне айналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылды.
Авторы: Ақзер Сегізбай